Шымкентте із-түссіз жоғалып кеткен 8 жасар бала табылды
Шымкентте із-түссіз жоғалып кеткен 8 жасар бала табылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Полицияның «102» арнасына қарт кісі көмек сұрап хабарласты. Ол өзінің 8 жастағы немересі түскі сағат 13:00 шамасында үйінен ойнауға шығып, із-түссіз жоғалып кеткенін жеткізді.
Әжесі мен атасы 3 сағат бойы өздігінше іздеп, нәтиже шықпаған соң полиция қызметкерлерінің көмегіне жүгінген. Жоғалған баланы жедел-іздестіру шараларына патрульдік полиция полкінің жеке құрамы жұмылдырылып, қала аумағындағы тәртіп сақшыларына шұғыл бағыттама берілді.
Өз бетінше іздеуге кеткен уақыт пен баланың өміріне төнуі мүмкін қауіп-қатердің барлығы ескерілді. Жарты сағатқа жуық тоқтаусыз жүргізілген іздеу жұмыстарының нәтижесінде бүлдіршін 4 шақырым қашықтықта адасып жүрген жерінен табылды.
Бала аман-есен ата-әжесіне тапсырылды. Өз кезегінде жергілікті азамат тәртіп сақшыларына ризашылығын білдірді.
Шымкент полициясы тұрғындарды үйдегі кішкентайлар мен жасөспірімдерге аса мұқият болуға шақырады. Сондай-ақ баланы қараусыз қалдырудың соңы әртүрлі қайғылы жағдайлармен аяқталуы мүмкін екенін ескертеді.