Заманауи тергеуші: тәжірибе, ізденіс және технология
Тергеуші мамандығы – қылмысты ашумен ғана шектелмейтін, әрбір деректің астарына үңіліп, дәлелді саралап, ақиқатты анықтауды талап ететін жауапты қызмет. Уақыт өткен сайын бұл жұмыстың сипаты да өзгеріп келеді. Қылмыс түрлері күрделеніп, цифрлық технологиялар күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналған сайын тергеушіден дәстүрлі кәсіби дағдылармен қатар, заманауи технологияларды меңгеру, жаңа тәсілдерге бейімделу және үздіксіз іздену талап етіледі.
Осы өзгерістерді кәсіби жолымен ұштастырып келе жатқан мамандардың бірі – Шымкент қаласы полиция басқармасының тергеушісі Азамат Мырзахметов. Оның ішкі істер органдарындағы қызметі тергеу саласының әр қырын қамтиды: киберполиция бөлімшелеріндегі тәжірибе, арнаулы прокуратурадағы қызмет және бүгінгі таңда тікелей тергеу жұмысындағы жинақтаған мол тәжірибесі маман ретінде қалыптасуына өзіндік ықпал етті. Полиция қызметкері Азамат Polisia.kz ұжымына кәсіби жолы, тергеуші жұмысының қыр-сыры және заман талабына сай бұл мамандықтың қалай өзгеріп жатқаны туралы әңгімелеп берді.
Кәсіби жолында тергеудің түрлі бағыттарында тәжірибе жинақтаған Азамат Мырзахметов бүгінде бұл білімін Шымкент қаласы полиция басқармасының тергеу бөліміндегі қызметінде тиімді қолданып келеді. Киберқылмыс саласындағы тәжірибесі заманауи технологиялардың мүмкіндіктерін тергеу барысында ескеруге көмектессе, прокуратурадағы қызметі қылмыстық істі жан-жақты зерделеп, әрбір детальға мұқият қараудың маңызын терең түсінуге ықпал еткен.
– Тергеуші жұмысы ерекше мұқияттылық пен жауапкершілікті талап етеді. Жиналған әрбір құжаттың, жүргізілген әрбір тексерістің өзіндік маңызы бар. Олардың барлығы істің ақиқатын анықтап, әділ шешім қабылдауға негіз болады, – дейді Азамат Мырзахметов.
Бұл жауапкершілікті абыроймен атқару үшін кәсіби біліммен қатар, жақсы дене дайындығы мен жоғары еңбек қабілеті де маңызды. Осыған байланысты Азамат Мырзахметов спортпен тұрақты айналысып, дене дайындығына ерекше көңіл бөледі. Оның айтуынша, түрлі спорт түрлері күш пен төзімділікті шыңдап қана қоймай, полиция қызметіне қажетті тәртіп пен табандылықты қалыптастырады.
Ал кәсіби біліктілікті жетілдіру – қызметтің ажырамас бөлігі. ҚР Ішкі істер министрлігі қызметкерлердің кәсіби деңгейін арттыруға бағытталған семинарлар, практикалық жаттығулар мен біліктілікті арттыру курстарын тұрақты түрде ұйымдастырады.
– Әр оқу – өз жұмысыңа жаңа қырынан қарауға және оның сапасын одан әрі арттыруға берілген мүмкіндік, – дейді тергеуші.
Бүгінде кәсіби білім мен тәжірибені заманауи технологиялар толықтырып отыр. Уақыт талабына сай полиция қызметінің тәсілдері де өзгеруде. Қызметтік компьютерлерге жасанды интеллект негізіндегі зияткерлік көмекшілердің енгізілуі ақпаратты жедел өңдеуге, қажетті мәліметтерді талдауға және қылмыстық істерді сапалы әрі жан-жақты зерделеуге мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде тергеу жұмысының тиімділігін арттырып, істерді сотқа жіберуге сапалы дайындауға жол ашады.
Азамат Мырзахметовтің кәсіби жолы да осы өзгерістермен үндеседі. Терең білім мен әртүрлі құрылымдардағы тәжірибе, тұрақты дене дайындығы және заманауи цифрлық құралдарды меңгеру – бүгінгі полиция қызметкеріне қойылатын талаптардың өзара сабақтас екенін көрсетеді. Ал олардың барлығын бір арнаға тоғыстыратын басты қасиет – өз ісіне жауапкершілікпен қарап, үнемі ізденуге дайын болу.
Осындай кәсіби білім, тәжірибе мен заманауи мүмкіндіктерді ұштастыра білу Азамат Мырзахметовтің күнделікті қызметінің негізіне айналған. Алайда қандай технология дамып, қандай жаңа құрал енгізілсе де, тергеуші жұмысындағы басты құндылық өзгермейді – ол заңға адалдық, жауапкершілік және шындықты анықтауға деген ұмтылыс. Себебі әрбір қылмыстық істің артында адам тағдыры тұр. Ал әділ шешімге бастайтын жол кәсіби біліктілікпен қатар, осы жауапкершілікті терең сезінуден басталады.
