Ауылына қонаққа барған ақтөбелік өзгенің көлігін ұрлап кеткен
Ауылына қонаққа барған ақтөбелік өзгенің көлігін ұрлап кеткен, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алға ауданының полиция бөліміне 31 жастағы азамат Ваз-2110 автокөлігінің ұрланғаны туралы арызданды. Есет батыр ауылының тұрғыны көлігін түнде аула сыртына қойып, таңертең орнынан таппай қалған.
Полиция қызметкерлерімен жүргізілген жедел-іздестіру шаралары барысында күдікті ретінде Ақтөбе қаласының 36 жастағы жұмыссыз тұрғыны анықталып, ұсталды. Автокөлік иесіне қайтарылды.
Анықталғандай, сол күні күдікті ауылға қонаққа барған және алкогольдік ішімдік ішкен. Ақтөбе қаласына қайтуға такси таппаған ол таңға жуық көшеде тұрған Ваз-2110 автокөлігін байқаған. Аңғал көлік иесі көлігінің есігін бекітпей, кілтін де ішінде қалдырған. Бұл күдікті үшін оңай олжа болған.
Бұл дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 200-бабының 1-бөлігімен (Автомобильдi немесе өзге де көлiк құралын жымқыру мақсатынсыз құқыққа сыйымсыз айдап кету) қозғалған қылмыстық іс аясында тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.