Жүргізуші құқығынан айырылған азамат Ақтөбеде көлік рулінде мас күйінде қайта ұсталды
Жүргізуші құқығынан айырылған азамат Ақтөбеде мас күйде қайта көлік тізгіндеген, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Полиция қызметкерлері қызмет атқару кезінде Ақтөбе қаласы Бейбітшілік даңғылында күдік тудырған ВАЗ-2110 автокөлігін тоқтатты. Тексеру кезінде тәртіп сақшылары 37 жастағы жүргізушінің мас күйінде және құжатсыз көлік жүргізгенін анықтады. Сондай-ақ Ақтөбе тұрғыны бұған дейін ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы (Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру) бойынша жауапкершілікке тартылғаны белгілі болды.
Мысалы 2021 жылдың көктемінде сот аталған азаматты 7 жылға жүргізуші куәлігінен айырып, 15 тәулік әкімшілік қамауға алу түріндегі жаза тағайындаған. Алайда, автокөлік жүргізушісі өзі үшін тиісті қорытынды жасамай, мас күйінде рульге қайта отырған. Бұл факті бойынша ҚР ҚК 346-бабымен (Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде болған адамның көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын басқаруды осындай адамға беру немесе осындай адамның көлік құралын басқаруға жіберу) қылмыстық іс тіркелді.
Автокөлік айыппұл тұрағына қойылды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Жүргізуші уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Жыл басынан бері облыс жолдарында полицейлер бұрын көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған, әрі көлік құралдарын мас күйінде басқарған 51 жүргізушіні анықтады.