ШҚО-да дрондар заңсыз қоқыс үйінділерін анықтауға көмектесуде
“Таза Қазақстан” аясында Шығыс Қазақстан облысында дрондар заңсыз қоқыс үйінділері мен абаттандыру қағидаларының бұзылуын анықтауға көмектесуде, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Полиция қызметкерлері жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, аумақтарды әуеден бақылап, қоқыстың заңсыз төгілген орындарын және оған қатысы бар азаматтарды анықтауда.
Жыл басынан бері өңірде абаттандыру саласында 8 117 әкімшілік құқық бұзушылық тіркеліп, 203 рұқсат етілмеген қоқыс үйіндісі табылды. Оның 185-і жойылды. Сонымен қатар жергілікті атқарушы органдар мен заңды тұлғалардың атына 11 ұсыну енгізілді.
Ұшқышсыз ұшу аппараттарын пайдалану жетуі қиын аумақтарды қамтуға және олардың тазалығын тиімді бақылауға мүмкіндік береді. Құқық бұзушылықтарды анықтау және кінәлілерді жауапкершілікке тарту жұмыстары жалғасуда.
Полиция тұрғындар мен кәсіпкерлерді абаттандыру қағидаларын сақтауға, қалдықтарды арнайы белгіленген орындарға тастауға және өңір тазалығын сақтауға шақырады.
“Заң мен тәртіп” қағидаты баршаға ортақ.
