«Шлагбаумды жоғары көтеріп, аулаға кірмек болған»: елордалық мас тұрғын қамауға алынды
Елордалық тұрғын мас күйде шлагбаумды жоғары көтеріп, өзгенің мүлкіне қасақана зиян келтіргені үшін 5 тәулікке қамауға алынды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Сарыарқа аудандық полиция басқармасына меншік иесі бірлестігінің төрағасы Дүкенұлы көшесіндегі үйлердің бірінің маңында белгісіз біреу мас күйінде қолымен шлагбаумды көтеріп, бөтеннің мүлкіне қасақана зиян келтіргенін хабарлаған. Жүргізілген іс-шаралар барысында ер адамның жеке басы анықталған. Ол адамның айтуынша, шлагбаумды қолмен көтеріп ашып, аулаға кіруді көздеген.
Осы факті бойынша құқық бұзушыға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 147-1, 1-бөлігімен (Бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру) бойынша әкімшілік іс қозғалды.
Әкімшілік құқық бұзушылық істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының қаулысымен ер адам кінәлі деп танылып, 5 тәулікке қамауға алынды.
Атап айтсақ, жыл басынан полиция қызметкерлері жүзден астам бұзақылық фактісін анықтап, тиісті жауапкершіліктер қарастырған.