Самбодан әлем чемпионатының күміс жүлдегері Еламан Қойшыбаев елге оралды
Самбодан әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Ұлттық ұлан жауынгері Еламан Қойшыбаевты Ақтөбе әуежайында жерлестері қарсы алды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ұлттық ұлан жауынгері Еламан Қойшыбаевты қарсы алу үшін әуежайға чемпионның туыстары, қарулас достары және БАҚ өкілдері жиналып үлкен сый-құрметпен қарсы алды.
Естеріңізге сала кетейік, 10-12 қараша күндері аралығында Армения астанасы Ереван қаласында, Халықаралық самбо федерациясының күнтізбесінің басты турнирі әлем чемпионаты өткен болатын. Аталмыш чемпионатта Ақтөбе қаласында орналасқан Ұлттық ұланның жауынгері Еламан Қойшыбаев, 88 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп, күміс жүлдеге қол жеткізді.
– Мен осы спорт түрімен 12 жасымнан бастап айналысып келемін. Осы әлем чемпионатына алтын аламын деген үлкен мақсатпен бардым, дегенмен бұйырғаны күміс болды. Ендігі мақсат осы чемпионатта жіберген қателіктермен жұмыс істеп, алдағы әлемдік біріншіліктерде жеңіс тұғырынан көріну. Өзім қазіргі таңда Ұлттық ұланның әскер қатарында қызмет атқарып, Отан қорғау жолында спортты қатар алып жүрмін. Ұлттық ұлан қолбасшылығына маған үнемі тыңғылықты дайындалуға қолдау көрсететіндері үшін алғысымды білдіремін, – дейді Ұлттық ұлан қызметкері Еламан Қойшыбаев.
Айта кетейік, екі күндік жарыстың қорытындысы бойынша, Қазақстан құрамасы бір алтын, екі күміс және бес қола медальмен жалпы командалық есепте үшінші орынды иеленді.