Шымкентте студенттер жатақханасына рейд жүргізілді
Шымкентте студенттер жатақханасына рейд жүргізілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
ІІМ-нің нұсқауына сәйкес жастар арасындағы есірткі қылмысының алдын алу және оған жол бермеу мақсатында есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері мен кинология орталығының мамандары Болашақ жоғары колледжінің жатақханасына рейд жұмыстарын жүргізді.
Шара барысында қызметтік иттердің көмегімен студенттердің жатын орнында тыйым салынған заттардың бар жоғы тексерілді. Нәтижесінде әртүрлі өңірлерден жиналған 60 білімгер тұратын жатақханадан ешқандай заңсыз заттар табылмады.
Тәртіп сақшылары бойжеткендер мен жас жігіттерді есірткіден аулақ болуға шақырды. Сондай-ақ онымен байланысты кез келген заңсыз әрекет ауыр жазаға әкеп соғатынын ескертті.
Айта кетейік, алдағы уақытта жастар арасында бұл дерттің өршуіне жол бермеу үшін полиция қызметкерлері рейд жұмыстарын жалғастырады.