Павлодар облысының полицейлері 700 келіден астам есірткіні жойды
Павлодар облысының полицейлері 700 келіден астам есірткіні жойды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл қызметкерлері заңсыз айналымнан алынған есірткі құралдарын жою бойынша іс-шара өткізді.
Мамандандырылған кәсіпорын аумағында полицейлер 700 келіден астам есірткі заттарын, оның ішінде көкнәр сабанының қоспасы бар 600 келіге жуық апиын көкнәр тұқымын және 106 келіден астам каннабис тектес есірткі заттарын өртеп жіберді.
– Жедел-іздестіру және тергеу іс-шаралары барысында барлық есірткі құралдары тәркіленді. Бұл қылмыстық іс бойынша заттай дәлелдемелер болып табылады. Түрлі сатыдағы сот айыптау үкімін шығарды, оған сәйкес өңірде есірткі трафигін ұйымдастырған адамдар ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылды, – дейді Павлодар облысының полиция департаменті.
Осы жылы есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімшелері 194 есірткі құқық бұзушылықтың жолын кесті, есірткі құралдарының заңсыз айналымына қатысы бар 49 адам ұсталды, заңсыз айналымнан 420 келіден астам түрлі тыйым салынған заттар тәркіленді.