Елордалық полицейлер дәнекерлеу аппаратын ұрлап кеткен азаматты қолға түсірді
Елордалық полицейлер дәнекерлеу аппаратын ұрлап кеткен азаматты қолға түсірді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Байқоңыр ауданы ПБ полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында ұрлық жасады деген күдікпен 42 жастағы қала тұрғынын анықтады.
Тергеу барысында ер адамның Ташенов көшесінде орналасқан тұрғын үйлердің біріне келгені белгілі болды. Үйдің кіреберісінде жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын көрген күдікті, жұмысшылар байқамай тұрған сәтті пайдаланып құны шамамен 100 мың теңге тұратын дәнекерлеу аппаратын жасырын алып кеткен. Ұрланған құралды кездейсоқ адамға сатып жіберген.
Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы (Ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Ер адамның елорда аумағында бұрын жасалған басқа да қылмыстарға қатыстылығы тексеріледі.