Ақтөбе облысында болған жол апатынан көлік жүргізушісі көз жұмды
Ақтөбе облысында болған жол апатынан көлік жүргізушісі көз жұмды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
24 маусым күні сағат 04:12-де Әйтеке би ауданы Аралтөбе кентінің жанындағы “Қарабұтақ-Комсомол” автожолының 40 шақырымында, Приора автокөлігінің 25 жастағы жүргізушісі Т.Жүргенов ауылы жағынан Қарабұтақ кенті бағытында қозғалып, көліктің оң жақ жиегіне көлік құралының қозғалысы бойынша аударылып кеткен.
Жол-көлік оқиғасы салдарынан жүргізуші алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды, ал 22 жастағы жолаушы Әйтеке би ауданының орталық аудандық ауруханасына жатқызылды.
ЖКО фактісі бойынша ҚР ҚК 345-бабы 3-бөлігі (Абайсызда адам өліміне әкеп соққан ЖҚЕ бұзу) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Сот-медициналық және автотехникалық сараптамалар тағайындады.
Ақтөбе облысы ПД бастығы Атығай Арыстановтың айтуынша, әрбір жүргізуші үшін оның шаршау жағдайы туындағанын дер кезінде түсіну өте маңызды. Өзіңіздің шаршамағандығыңызға сендіріп, әрі қарай қозғалысты жалғастыра аламын деп алдауға тырыспаңыз — бұл қайғылы салдарға әкелуі мүмкін. Әдетте, жүргізушілер қатты шаршамағанша байқамайды, бірақ автомобильді басқару сапасы оның алғашқысынан айтарлықтай нашарлайды.
– Автокөлік жүргізушілерінің алтын ережесін есте сақтау керек: шаршасаңыз – демалыңыз! Егер шаршағаныңызды байқасаңыз еш алаңдамай, өзіңізге лайықты орынды таңдап, тоқтаңыз және демалыңыз, – деп А.Арыстанов жүргізушілерге кеңес береді.