Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

ІІМ-де Отан қорғаушылар және Жеңіс күніне орай үздік қызметкерлер мен ардагерлерге марапаттар табысталды

Отан қорғаушылар күніне және Ұлы жеңістің 78 жылдығына орай ІІМ-де мінсіз қызметімен, жанқиярлығымен және ерлігімен көзге түскен полиция қызметкерлері, сондай-ақ Ұлттық ұланның әскери қызметшілері марапатталды, – деп хабарлайды Polisia.kz cайтының тілшісі.

Ардагерлер мен ведомство қызметкерлері Ұлы Отан соғысы батырларының, ерлікпен қаза тапқан тәртіп сақшыларының құрметіне ашылған “естелік тақтасына” гүл шоқтарын қойып, оларды бір минут үнсіздікпен еске алды.

Шара құттықтау әрі марапаттау рәсіміне ұласты. Ведомство басшысы Марат Ахметжанов жиналған қонақтарға ізгі тілегін білдіріп, мінсіз қызметі үшін қызметкерлерге алғыс айтты.

– Аталар аманат еткен жеріміз бен халқымызды қорғау – біздің басты парызымыз. Бүгінде осы аманатты арқалаған ішкі істер органдарының қызметкерлері антқа адал болып, аянбай еңбек етіп келеді. Сіздердің еңбектеріңізге Мемлекет басшысы жоғары баға берді. Бүгінгі марапаттарды халықтың берген бағасы деп біліңіздер. Алдағы уақытта да сіздерді ел сенімін ақтайды деген үміттемін! Жұртымыз тыныш, туған жеріміз аман болсын! – деді министр.

Айтулы күнде ішкі істер министрлігінің еңбек сіңірген қызметкері, әйгілі жедел уәкіл Ғабдірахым Меңдешев І дәрежелі “Айбын” орденімен марапатталды.

Оның өмірі фильмдер мен телехикаялардың сюжетіне негіз болатын шытырман оқиғаларға толы. Ардагер 80-90-шы жылдардағы ең ауыр қылмыстарды ашуға қатысқан.

– Бұл менің марапатым ғана емес, әріптестерімнің де марапаты. Мен өз өмірімді зұлымдықпен күресуге арнадым және сіздер – жас қызметкерлер де осы бағытта үлкен жетістіктерге жетесіздер деген сенімдемін, – деді Ғабдірахым Меңдешев.

Бейбіт күнде халықтың қамы үшін өз өмірлерін қатерге тігіп, қаза тапқан қызметкерлер де жетерлік. Солардың бірі – 40 жыл бұрын дүниеден өткен милиция лейтенанты Қалқаман Сембаев. Ол Целиноград облысы ІІБ Атбасар ауданының ішкі істер бөлімінің учаскелік милиция инспекторы болып жұмыс істеді. Офицер 1982 жылдың 22 қыркүйегінде әйел мен баланы қарулы күйеуінен құтқарамын деп қаза тапты.

Қызмет бабында көз жұмған офицердің әрекеті жоғары бағаланып, “Ерлігі үшін” медалі оның жұбайы Екатерина Сембаеваға табысталды.

– Бүгін біздің отбасымыз үшін сондай қуанышты күн. Мен Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевқа және ішкі істер министрі Марат Ахметжановқа алғысымды білдіремін, – деді қобалжуын жасыра алмаған әйел.

Айта кету керек, марқұм офицердің қызы Армангүл Сембаева бүгінде әке жолын жалғастырып, полицияда қызмет етуде.

Шара барысында бірнеше жыл ішінде үш рет ерлік жасап, тоғыз адамның өмірін сақтап қалған Медет Асқаров та марапатталды. Қарағанды облысы ПД Бұқар жырау ауданы полиция басқармасының учаскелік полиция инспекторына ІІ дәрежелі “Айбын” ордені табысталды.

36 жастағы тәртіп сақшысы бұған дейін түтін толған пәтерден бес баланы шығарып, Нұра өзеніне батып бара жатқан екі ауыл тұрғынын құтқарып, апатқа ұшыраған жолаушы мен жүргізушіге көмектескен.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру