Оралда жүргізуші куәлігінен айырылған азамат есірткіге мас күйде көлік басқарған
Оралда жүргізуші куәлігінен айырылған азамат есірткіге мас күйде көлік басқарған, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Орал қаласы полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының қызметкерлері көлік құралын басқару құқығынан айырылған жүргізушіні есірткіге мас күйінде ұстады.
Осы жылы қаңтардың 7-не қараған түні сағат шамамен 01:30-да Мөнкеұлы көшесінде, Орал қаласы полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының қызметкерлері 35 жастағы Орал қаласының тұрғынының басқаруындағы Hyundai Elantra автокөлігін тоқтатады. Жүргізуші медициналық куәландыруға сәйкес есірткіге мас күйде болған. Сонымен қатар өткен жылдың қыркүйек айынын бастап 6 ай мерзімге Орал қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының қаулысы бойынша көлік құралын басқару құқығынан айырылған. Автокөлік арнайы автотұраққа қойылды.
Құқық бұзушыға қатысты ҚР ҚК-нің 346-бабы 1-бөлігі (Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік және (немесе) уыт құмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
Аталған бапқа сәйкес, көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы не көлік құралын басқаруды осындай адамға беру, сол сияқты осындай адамның көлік құралын басқаруына лауазымды адамның немесе көлік құралы меншік иесінің не иеленушісінің жол беруі – белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, бес мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не бір мың екі жүз сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. Енді ол көлік құралын басқару құқығын тек 7 жылдан кейін ғана ала алады.
Айта кету керек, осы жылдың басынан осыған ұқсас 3 жағдай тіркелді.