Қызылордада электр тарату мекемесіне 5 млн теңге шығын келтірген үшеу ұсталды
Қызылордада электр тарату мекемесіне бес млн теңге шығын келтірген үшеу ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда қалалық Полиция басқармасының Ақсай полиция бөліміне қала тұрғыны арызданған болатын. 7-13 мамыр күндері аралығында белгісіз біреулер электр тарату тораптары мекемесіне тиесілі оқшаулағышын және трансформаторын ұрлап кеткен. Келтірілген шығын бес млн теңгені құрады.
Басқарманың криминалдық полиция бөлімі қызметкерлерінің жеделдігінің арқасында кезекші тәулікте үш күдікті азамат анықталып, ұсталды. Олар өз ісін толықтай мойындады. Күдіктілерге қатысты ешқайда кетпеу және тиісті мінез құлық туралы бұлтартпау шарасы таңдалды.
Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-бабының 3-бөлігі (Ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері жүргізілуде.