Қызылордалық полицейлер мал жайылымынан оралмаған 12 жастағы баланы іздеуде
Қызылордалық полицейлер мал жайылымынан оралмаған 12 жастағы баланы іздеуде, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда облысының Полиция департаменті жасөспірімге іздеу салады. 16 қарашада сағат 09:10 шамасында Қазалы ауданы Кәукей ауылдық округі Ажар елді мекенінің тұрғыны – 12 жастағы Жанарыс Дәулетбай есекке мініп, елді мекеннің кезекпен бағылатын шамамен 200 бас қойын шығыс беткейдегі 10-15 шақырымда орналасқан «Үш ағаш» деген мал жайылымдық жерге қарай бағыт алып, үйіне қайта оралмаған.
Шұғыл түрде оқиға орнына жеткен полиция қызметкерлері іздестіру жұмыстарына кірісті. Сондай-ақ, іздестіру жұмыстарына полиция қызметкерлерімен бірге ауыл тұрғындары, жасөспірімнің туған-туыстары, жедел құтқару қызметі, шекара қызметкерлері және автокөліктер мен арнайы техника жұмылдырылды.
Жасөспірімнің ерекше белгілері: бойы 140-150 см, дене бітімі арықтау, шашы қара. Үстінде қызыл түсті күртешесі, сары түсті сырмақ шалбар, қара қалпақ, аяғында қара қыстық аяқ-киім.
Іздеу жұмыстары Полиция департаменті бастығының қатаң бақылауында.
Ауа-райының күрт өзгеруі іздестіру жұмыстарын қиындатуда. Жоғалған жасөспірім туралы қандай да бір ақпарат анықталған жағдайда Қызылорда облысы Полиция департаменті Қазалы аудандық полиция бөліміне «102» арнасына, 8 (72438)21-5-17, 8-702-884-68-88, 8-702-892-05-01 шұғыл түрде хабарласуларыңызды сұраймыз.
Қазіргі уақытта іздестіру жұмыстары жалғасуда.