Сарқан ауданында учаскелік полиция инспекторы көпбалалы отбасыдағы оқушыға сыйлық жасады
Алматы облысы Сарқан ауданында учаскелік полиция инспекторы көпбалалы отбасыдағы оқушыға сыйлық жасады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Оқу жылының басталуына санаулы күндер қалғанда Сарқан қаласының Учаскелік полиция испекторы Серікжан Раимбеков көпбалалы отбасына барып, 10 жастағы оқушыға қуаныш сыйлады. Ол онлайн білім алу жоспарланғандықтан, бүлдіршіннің армандаған смартфонды сыйға тартты.
– Бұл отбасы – менің учаскемдегі көпбалалы отбасылардың бірі. Аналары кетіп қалғандықтан, бала тәрбиесімен 2-топтағы мүгедектігі бар әкесі айналысады. Осы отбасының балалары өзгеге деген кішіпейілділігімен, тәрбиесімен және білімге деген құштарлығымен ерекшеленеді. Отбасына барған кезде оқушы балалар әкелерінің телефонымен кезектесіп сабақ оқып отырғанын көрдім. Сондықтан, жаңа оқу жылына орай отбасындағы 3 сыныпқа барған Б. есімді оқушыға өз атымнан смартфон сыйлағанды жөн деп шештім. Жаңа телефон баланың көңіл-күйін көтеріп, жаңа оқу жылындағы сабақ үлгерімін жақсартады деп сенем, – деді полиция аға лейтенанты Серікжан Раимбеков.
Күтпеген сыйлыққа ризашылығын білдірген көпбалалы әке қиын шақта көмек қолын созған аудандық полиция басшылығына шексіз алғысын білдіріп, қызметтеріне табыс, отбасыларына амандық тіледі.
Сарқан ауданы Полиция бөлімі басшылығының айтуынша, 10 жылдан артық ішкі істер органдарында қызмет еткен Серікжан Раимбеков жақсы көрсеткіштері үшін биыл наурыз айында осы учаскеге учаскелік полиция инспекторы болып тағайындалған.
– Аға лейтенант С. Раимбеков – күзет қызметінде, патрульдік полицияда қызмет еткен, бірнеше жыл учаскелік полиция инспекторы болған тәжірибелі офицер, міндетіне адал, қасындағыларға құрметпен қарайтын әріптес, ұл мен қыз тәрбиелеп отырған әке. Өз учаскесінде тұрғындармен тіл табысып, жедел жағдайды бақылауында ұстайтын, жұмыста жақсы көрсеткіштермен көзге түсетін кәсіби маман, – деп атап өтті Сарқан АПБ бастығының орынбасары Ержан Сейденов.