СҚО полицейлері макеттер арқылы жол-көлік оқиғаларының алдын алуда
СҚО полицейлері макеттер арқылы жол-көлік оқиғаларының алдын алуда, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Солтүстік Қазақстан облысында жол жиегінде тұрған жылқылар “Көкшетау-Омбы” автожолында орнатылды. Жолдағы жүргізушілер оларды Уәлиханов ауданының орталығы Кішкенекөлден шығатын жолдарда көреді. Алыстан қарағанда олардың кәдімгі жылқылардан еш айырмашылығы жоқ. Шын мәнінде, бұлар – тегіс макеттер. Полицейлер жолға шығып келе жатқан жүргізушілердің назарын аударту үшін арнайы орнатқан. Жолдың екі жағында жайылымдар бар болғандықтан, жануарлар шыға келуі мүмкін. Бос жүрген мал жол апатына себепші екенін естен шығармаған абзал. Осы мақсатпен аудан орталығында Кішкенекөл № 2 мектебіндегі жаяу жүргіншілер өткелінде оқушының макеті қойылды.
Аудандық ПБ бастығы Руслан Әлижановтың айтуынша, аудан орталығындағы жол қауіпсіздігін нығайту үшін бірқатар шаралар қолға алынған. Жөндеуден өткен көшелерде жаңа 44 жол белгісі орнатылған. Оқу орындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қазан айында жергілікті әкімдік жаңа бес бейнекамера қоюды жоспарлап отыр.
– Бүгінде облыста патрульдік машиналардың 14 макеті қойылды: әр ауданда бір бірден және көлік қозғалысы көп Қызылжар ауданында екеуі қойылды. Қажет болған жағдайды полиция қызметкерлері макеттердің орындарын ауыстыра алады. Жарқылдауық маяктар алыстан жүргізушінің көзіне бірден көрінеді. Бұл – көлік иелеріне қауіпті учаскелерде жылдамдықты азайтып, назарды күшейтуі қажет екенін ескертуде, жүргізушілер арасындағы тәртіпті нығайтуда тиімділігін көрсетті. Макеттер орнату – жол-көлік оқиғаларын болдырмау және жол қауіпсіздігін нығайту бойынша жергілікті полиция қызметінің қызметкерлерімен жүргізіліп жатқан профилактикалық жұмыстардың бір бөлігі, – дейді СҚО ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдын Байматов.