Түркістан облысында бірнеше көліктің қатысуымен ЖКО болды: бір адам көз жұмды
Түркістан облысында бірнеше көліктің қатысуымен болған жол көлік оқиғасы бойынша тергеу жүріп жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz
Бейнежазбадағы жол-көлік оқиғасы 28 қыркүйекте Төлеби ауданы Көксайек ауылы көшелерінің бірінде Ваз-2103, Audi 100, Mazda 626 көліктерінің қатысуымен болды. Яғни, Төлеби аудандық полиция бөлімінің тәртіп сақшылары жүрісі күдік тудырған көлік жүргізушісінің мас күйіне күмәнданып, қандайда бір апаттың алдын алу үшін мен мәнжайды білуге тоқтатпақшы болады.
Осы сәтте көлік иесі одан сайын жылдамдықты асырып, тоқтаудың орнына қаша жөнеледі. Көз ілеспес сәтте қашқан автокөлік басқа да көліктерге соқтығысып, салдарынан жол апаты болды. Оқиға орнына Төлеби АПБ-ның басшылығы мен прокурорлар, жедел-тергеу тобы шықты.
Ал аталған жайт Төлеби АПБ-ға ҚР ҚК-нің 345-бабының 3-бөлігімен тіркелді.
Жол апаты салдарынан Ваз 2103 көлігінің жүргізушісі оқиға орнында қайтыс болып, оның жолаушысы мен Audi 100 автокөлігінің жүргізушісі түрлі дене жарақаттарымен ауруханаға түсті.
Сол күні қажетті бірқатар сараптамалар тағайындалды. Ал қайтыс болған жүргізушінің туыстары жол апаты бойынша полиция қызметкерлерінің үстінен арызданды. Олардың шағымы бірден тіркеуге алынып, Түркістан облысы ПД Өзіндік қауіпсіздік басқармасымен қызметтік тергеу жүргізілуде.
Қазіргі таңда жол апатының себеп-салдары мен мән-жайын анықтауға қатысты жан-жақты тергеу амалдары жүргізілуде. Сараптама нәтижесі күтілуде. Заңға сәйкес сараптама қорытындысымен нақты процессуалдық шешім қабылданатын болады. Бұл іс Түркістан облысы Полиция департаментінің жеке бақылауында.