Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

10 – 20 жылға сотталғандар арасында «Менің бостандыққа шыққаннан кейінгі өмірім» атты байқау өтті

Шығыс Қазақстан облысында қатаң тәртіптегі сотталғандар бостандықтағы өмірлерін қиялдап параққа суретпен бейнеледі, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Шығыс Қазақстан облысы бойынша Қылмыстық – атқару жүйесі департаментінің ОВ-156/15 мекемесінің психолог қызметкерлері сотталғандар арасында «Менің бостандыққа шыққаннан кейінгі өмірім» атты тақырыбында сурет байқауын өткізді. Сурет салу көмегі арқылы адам өзі аңғара бермейтін ең терең сезімдерді білдіруге, ішкі бақылауды қалыптастыруға көмектеседі. Сотталғандардың салған суреттері арқылы әлсіздік, сабырлық, көңіл-күйінің басыңқылығы, ішкі конфликтілер мен күшті эмоцияларын сыртқа шығара алады. Жазасын өтеушілер арасында сурет салу байқауын ұйымдастырудағы мақсатымыз – сотталғандар арасында суицидтің алдын-алуы, бостандыққа деген оң көзқарастары мен стимулдарын жүзеге асыру, сонымен қатар талаптыларға қолдау білдіру. Өз шығармасында жазасын өтеушілер өз қиялын, болашаққа деген мақсат – жоспарларын қыл қалам мен түрлі түсті бояу арқылы қағаз бетіне түсірді.

Көрмеге барлығы жеті сурет ұсынылды (әр жасақтан бір сотталған). Әр жасақтың жазасын өтеушілері өздері дайындаған психологиялық газет бойынша түсіндірме беріп, өз ойлары мен ішкі сезімдерін толық жеткізе алды. Әзірленген байқау ережелерге сәйкес өткізілді. Әр жасақ байқауға белсене қатысып, үлкен жауапкершілікпен қарады. Карантиндік режимге байланысты жеке-жеке өткізіліп, барлық санитарлық талаптар қатаң сақталды. Байқау қортындысы бойынша, 15 жылға сотталған «Руслан» 1-орынға ие болды.

– Менің мамандығым инженер-құрылысшы, бостандыққа шыққан соң өз өмірімді отбасыммен бірге​ өткізсем, оларға қамқор болып, балаларыма қорғанышымды көрсетсем, – дейді Руслан.

2-орынды 16 жылға сотталған Алим иеленді. 

– Жасаған қылмысым үшін 16 жыл алдым. Жастықпен білінбеді. Бостандыққа шыққан соң отбасын құрсам ба деймін. Өз өмірімді жақсы жаққа өзгертіп, жаңа парақтан бастағым келеді. Ұрпақ жалғастырып, өз ісімді ашқым келеді. Осы уақытта көп нәрсені үйреніп алдым, ағаштан түрлі бұйымдар жасаймын, – дейді Алим.

3-орын сотталған Антонға берілді.

– Балаларымды қатты сағындым, солардың жанында болсам арманым болмас еді. Қашықта жүргенде көптеген нәрсені түсінесің. Менің екі балам бар. Үлкені сегіз, кішкентайы алты жаста. Сөйлескен сайын көзіме жас келеді. Шіркін жандарында болсам ғой деп армандап та қоямын. Шыққан соң, жанұясмның жанында боламын. Әкелік қамқорлығымды жеткіземін, – дейді Антон.

– Жалпы, бұндай психологиялық мәні бар байқаулар мекеменің жұмыс жоспарына сай өткізіліп тұрады, – дейді ОВ-156/15 мекемесінің САТжӘПЖБ бөлімінің психологиялық қамтамасыз ету тобының аға инспектор-психологі А. Атабаева.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру