130-дан астам тұрғын мал жаю ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды
Қостанай облысының 130-дан астам тұрғыны мал жаю ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Облыс аумағында «Мал ұрлығы» жедел-алдын алу іс-шарасы өткізілуде, аталған шараның үш күнінде полицейлер бес мал ұрлығын ашты.
Тәртіп сақшылары өңірде мал жаю ережелерін бұзудың 136 фактісін анықтады. Малдарын қараусыз қалдырған ауыл тұрғындары ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 408-бабы (Ауыл шаруашылығы жануарларын жаю қағидаларын, иттер мен мысықтарды асырау және серуендету қағидаларын, қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жою қағидаларын бұзу) бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Шара барысында 144 бас мал табылып, қораларға орналастырылды.Мысалы, Тобыл қаласының тәртіп сақшылары Сергеев кентінің тұрғынына 72 бас малын тауып берді. Бұзаулар қазан айының соңында жоғалып кеткен.
Рейдтік шаралар барысында полиция қызметкерлері мал мен ет өнімдерін тасымалдайтын 135 көлікті тексерді. Тексеру барысында тиісті құжаттарсыз жануарларды тасымалдаудың 18 фактісі анықталды. Жүргізушілер ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 406-бабы (Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасын бұзу) бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Мамлютка-Тобыл тас жолында полиция қызметкерлері «DAF» және «Камаз» маркалы екі автокөлікті тоқтатты. «DAF» көлігінің шанағында 37 жылқы, ал «Камазда» 30 жылқы болған. Тексеру барысында Түркістан облысының жүргізушілері полицейлерге жалған ветеринариялық құжаттар ұсынған.
Қарасу ауданында тәртіп сақшылары жылқы ұрлаған екі күдіктіні ұстады. Қаскүнемдер далалықта жайылып жүрген айғырды ұрлап әкеткен.
Қарабалық ауданы Лесное ауылында 44 жастағы азамат екі жылқыны ұрлап кеткен. Шығын 900 мың теңгені құрады.
Наурызым мен Б.Майлинде полиция қызметкерлері қой ұрлығын ашып, ұрланған малды ауыл тұрғындарына қайтарды.
Қазіргі таңда барлық фактілер бойынша тергеу амалдары жүргізілуде.