Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

20 жылға жуық Таушық ауылында қызмет еткен учаскелік полиция инспекторы

Көрікті табиғат пен таза ауа. Қаймағы бұзылмаған қазақи тәрбие. Алыстағының амандығын ойлаған кең пейіл жұрт. Осының бәрін де Маңғыстау облысының Түпқараған ауданындағы Таушық ауылынан табуға болады. Polisia.kz сайтының тілшісі оқырмандарды осы аймақпен жақынырақ таныстырмақ.

Үш мыңнан астам тұрғыны бар Таушық ауылында қауіпсіздік мәселесі басты назарда. Полиция мен жергілікті әкімдіктің, қоғамның тиімді әрекетінің арқасында биыл мұнда бірде-бір қылмыс жасалмаған.

Учаскелік полиция инспекторы Ақылбек Анетовтің де осы ауылда қызмет атқарып жүргеніне 20 жылға жуықтаған. Жергілікті тұрғындардың тәртіп сақшысына деген құрметі ерекше.

– Көп жылдардан бері осы жерде жасап келе жатыр. Жиырма жылға жақындаған болуы керек. Өзінің жұмысын біледі. Сол жұмыстың арқасында елде тыныштық. Ауылымыз – осы аудандағы, тіпті облыс көлеміндегі бірден-бір тыныш, көп қылмыс жасалмайтын елді мекендердің бірі, – дейді ауыл тұрғыны Нәрік Жүнбасов.

– Ақылбек Анетовпен бірлесе жұмыс істеп отырмыз. Мектепте полицияның жас көмекшілері деген топ құрылған. Сол топтың жұмыстарын Ақылбек өзі басқарып, жүргізіп отырады. Жалғызбасты әкелерімен өсіп жатқан қыз балалардың отбасыларына да мектептің психологтарымен, сынып жетекшілерімен бірге барып, хабарласып, олардың жақсы өмір сүруіне ықпал етіп отыр, – деді Таушық ауылындағы жалпы білім беретін Шахта мектебінің директоры Жамал Утебаева.

– Ауылымыздың тыныштығы учаскелік полиция инспекторымен тығыз байланысты. Жасөспірімдер арасында, ересектер арасында заң бұзушылықтар болған жоқ. Учаскелік полиция инспекторы ауылымыздың әкімшілігімен тығыз жұмыс істейді. Ісі өте тиянақты. Қызметін күн демей, түн демей, жақсы атқарады, – деп атап өтті Таушық ауылы әкімі аппаратының мемлекеттік мекемесінің маманы Жиде Қойшыбаева.

Полицейдің айтуынша, бұған дейін ауылдағы тірек пункті 1939 жылы салынған ғимаратта болған. Ал қазіргі таңда аудан және ауыл әкімдігінің қолдауымен жаңа ғимарат беріліп, тиісті техникалық жабдықтармен жабдықталған.

Еңбегі еленген инспектор өңірге іссапармен келген ішкі істер министрінің қолынан арнайы марапат – “Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін” медалін алды.

Маңғыстау ауданындағы Оңды ауылында да криминогендік ахуал тұрақты. Екі жылдан бері мұнда ешқандай қылмыс орын алмаған.

Бұл жерде әйгілі қаламгер Әбіш Кекілбайұлы дүниеге келген. Ауыл халқының айтуынша, жазушының кіндік қаны тамған жерді көрем деп келушілер көп екен.

Учаскелік инспектор мен ауыл әкімі бір-бірімен белсенді өзара әрекеттесуде. Жергілікті әкім өзіне берілген үйден бас тартып, тәртіп сақшысына берген. Ақсақалдар кеңесімен, қоғам және кәсіпкерлермен де жұмыс жолға қойылған.

Мінсіз қызметі үшін учаскелік полиция инспекторы Шерхан Нұралыұлы “Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін”  медалімен марапатталды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру