4 адамның телефонын қалтасына басқан қызылордалық құрықталды
Қызылордалық полицейлер төрт адамның телефонын алып кеткен азаматты ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда қалалық Полиция басқармасына 17 ақпан күні алаяқтық фактісі бойынша қаланың төрт тұрғыны шағымданды. Олардың айтуы бойынша, белгісіз біреу «суретке түсіріп алайын» деп алдап, ұялы телефондарын алып кеткен. Аталған деректер бойынша жәбірленушілерге келтірілген материалдық шығын 300 мың теңгені құрады.
Жедел-іздестіру іс-шараларын өткізген полиция қызметкерлері осы қылмысты жасауға күдікті ретінде 28 жастағы, бұрын сотты болған азаматты ұстады. Тексеру барысында күдікті азаматтың алаяқтықтың төрт дерегіне қатысы бар екені анықталды.
Қазіргі таңда ол уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабының 3-бөлігінің 4-тармағымен (Алаяқтық) сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.