Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақмолалық полицейлер жалған нөмірмен жүрген көлікті әшкереледі

“Автоураган” кешенінің көмегімен полицейлер көрінеу жалған мемлекеттік нөмірлік белгімен жүрген көлік құралының жүргізушісін анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Ақпан айының ортасында “Автоураган” кешені облыс орталығының аумағында жылдамдық режимін асырған “Митсубиси” маркалы автокөлікті жүйеге тіркеген. Аталған көліктің жүргізушісіне хабарлама дайындау барысында осындай мемлекеттік нөмірлері бар мұндай көліктің жоқ екені белгілі болды.

Тәртіп сақшылары аталған көліккке іздестіру жариялады. Нәтижесінде 20 ақпан күні түнгі сағат 00.17-де Көкшетау қаласының ПБ патрульдік полиция батальонының “Әскер-5” автопатрулі Ғабдуллин-Әуезов көшелерінің қиылысында “Митсубиси” маркалы автокөлікті тоқтатты, көлік тізгінінде 40 жастағы жергілікті тұрғын отырған.

Құжаттарын тексеру кезінде ер адамның полиция қызметкерлеріне аталған көлікке жалған техникалық паспорт ұсынғаны анықталды. Сонымен қатар полиция қызметкерлері бұл нөмірдің “Лада” маркалы автокөлікке тиесілі екенін анықтады.

Жүргізушінің айтуынша, ол автокөлікті 2020 жылдың қыркүйегінде Қарағанды облысының Жезқазған қаласында сатып алған және оның құжаттары мен мемлекеттік тіркеу нөмірі жалған екенін білмеген.

Көрінеу жалған немесе қолдан жасалған мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілері бар көлік құралын жүргізгені үшін көкшетаулық тәртіп сақшылары аталған жүргізушіге қатысты ҚР ҚК-нің 385-бабының 3-бөлігімен (Қолдан жасалған құжаттарды, мөртабандарды, мөрлерді, бланкілерді, пошта төлемінің мемлекеттік белгілерін, мемлекеттік наградаларды қолдан жасау, дайындау немесе өткізу) сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру