45 мың теңгелік iPhone 17 Pro Max: Шымкентте алаяқтық жасаған күдікті құрықталды
Шымкент қаласы полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері интернет-алаяқтықтың бірнеше дерегіне қатысы бар күдікті әйелді анықтап, ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Күдікті танымал хабарландыру қосымшасында қымбат смартфондарды арзан бағада сату туралы жалған ақпарат жариялаған. Атап айтқанда, iPhone 17 Pro Max телефонын нарықтағы құнынан әлдеқайда төмен бағамен – 45 мың теңгеге сататынын көрсеткен.
Тиімді ұсынысқа сенген қала тұрғындарының бірі "сатушымен" байланысып, көрсетілген шотқа ақшаны аударған. Алайда қаражатты алғаннан кейін әйел байланысқа шығуды тоқтатқан.
Күдіктінің осыған ұқсас тәсілмен жасалған 4 алаяқтық дерегіне қатысы бар екені анықталды. Қазіргі таңда тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.
Полиция азаматтарға онлайн сатып алу кезінде сақ болуды ескертеді. Бейтаныс адамдарға ақша аудармаңыздар және хабарландырулардың шынайылығын мұқият тексеріңіздер.
