7 адамды алдаған алаяқ әшкереленді
Қызылордада 7 жәбірленушіге жалпы сомасы 1 500 000 теңге шығын келтірген алаяқ ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Полиция қызметкерлерінің бейтаныс адамдарға сенбеуге шақырғанына қарамастан, қала тұрғындары алаяқтардың арбауына көп түседі. Алаяқтар тұрғындарға жұмысқа орналастыру, пәтер сатып алуға көмектесу, жүргізуші куәлігін алып беру және т.с.с. уәделерді үйіп-төгіп беріп, олардың ақшаларын иемденуді жалғастыруда.
Мысалы, 10 қаңтар күні Қызылорда қалалық Полиция басқармасына 1994 жылы туған қала тұрғыны арызданды. Арызданушы желтоқсан айында жүргізуші куәлігін алып беру үшін бейтаныс азаматқа 139 300 теңге көлемінде қаржы берген.
Қызылорда облысының Полиция департаменті Криминалдық полиция басқармасының және қалалық Полиция басқармасы қызметкерлері бірлесіп өткізген жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде осы қылмысты жасауға күдікті ретінде бұрын сотты болған, 38 жастағы қала тұрғыны анықталып, ұсталды. Алаяқ өз ісін толық мойындап, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 190-бабының 3-бөлігінің 4-тармағымен (Алаяқтық) сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды. Тергеу барысында күдіктінің бұдан өзге тағы да алты қылмыстық іске қатысы бар екені анықталды. Жәбірленушілерге келтірілген жалпы материалдық шығын 1 500 000 теңгені құрайды.