Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

80 жастағы қарияның үйінен 62 келі «көкнәр» табылды

Түркістан облысының полицейлері 80 жастағы қарияның ауласынан 62 келіге жуық егілген «көкнәр» өсімдігін тапты, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Шардара аудандық полиция бөлімшесіне жергілікті тұрғын ауласында есірткі өсіреді деген хабарлама келіп түседі. Аталған ақпаратты тексеру мақсатында КПБ-нің қызметкерлері жедел әрекет етіп, көрсетілген мекен жайда анықтау жұмыстарының кешенін жүргізді.

Нәтижесінде, 80 жастағы қарт тұрғынның  үйінің ауласынан күтіп-баптап, өсірілген есірткіге ұқсас хош иісті 5,5 мыңға жуық түп табылды. Айғақты зат ретінде тәркіленіп алынған өсімдік 50 қап болды.

Одан бөлек, ауладағы тапшан үстінен мата қалташаға салынған, өзіне тән хош иісі бар айғақты заттар алынды.

Аталған жайт сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізіліп, ҚР Қылмыстық кодексінің 296-бабымен (есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен, прекурсорлармен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу) тіркеліп, қылмыстық іс қозғалды.​​​​​​​​​​ Бірқатар сараптама тағайындалды. Зерттеу қорытындысына сәйкес аталмыш төрт соттық жерге егілген өсімдіктер, салмағы 62 келі жуық «Ұйықтататын көкнәр» болып шықты. Ал, тапшан үстінен алынған зат «кептірілген көкнәр сабаны» екені анықталып, жалпы салмағы 45 граммды құрады.​​​​​​​​

Күдікті қария өзінің қылмысын толық мойындап, өсімдіктерді жеке басына пайдалану үшін еккендігін  көрсетті. Бас шарасы қолхатпен босатылды. Тергеу барысында анықталғандай, күдікті 80 жастағы тұрғын бұрын осы тектес қылмысты жасап, үш жылға сотты болған. ​​​​​​​​​​​​​

Түркістан облысының полицейлері есірткі затын заңсыз пайдалансаңыз, сақтасаңыз, саудаға шығарсаңыз қылмыстық жауапкершілікке тартылатыныңызды ескертеді. Сондай-ақ, есірткі құралдарын пайдалану бірінші кезекте сіздің денсаулығыңызға зиян екендігін ұмытпаңыз.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру