Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Полицейлер сайрамдық 10 отбасыға көмек көрсетті

Түркістан облысының полиция қызметкерлері Сайрамдағы 10 отбасына қамқорлық көрсетті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Түркістан облыстық Полиция департаментінің қызметкерлері қолға алған “Біз біргеміз!” акциясы жалғасып жатыр. Акция Сайрам ауданында жалғасып, 10 отбасы қуанышқа кенелді.

Түркістан облыстық Полиция департаментінің Көші-қон қызметі басқармасының қызметкерлері аудан орталығындағы әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға барып, азық-түлік пен күнделікті тұтыну тауарларын берді.

​ “Елдегі төтенше жағдайды ескере отырып, тұрғындарға көмек көрсету мақсатында “Біз біргеміз!” акциясына ат салысып жатырмыз. Себебі, Сovid-2019 вирусымен күрес барысында жарияланған карантин кезінде көптеген кәсіп иелерінің жұмысы уақытша тоқтатылды. Бұл жағдай аз қамтылған отбасыларға да ауыр соғып отыр. Ал, біз қиын кезеңде қайырымдылық жасап, елге көмек көрсетуді азаматтық борышымыз деп білеміз”,дейді Көші-қон қызметі басқармасының инспекторы Камила Бердиева.

Рамазан айында жүзеге асып жатқан игі бастамаға тұрғындар да ризашылықтарын білдіріп, алғыстарын айтты. Қариялар бар жақсылықты тілеп, бата берді.

– ​”Барша полиция қызметкерлеріне рахметімізді айтамыз. Күні-түні елдің қауіпсіздігін ойлап жүр. Одан бөлек қоғамның әлсіз топтарына қамқорлық танытады. Ораза кезінде жасаған жақсылықтары еселеп қайтсын”, – дейді  Назира Юсупова.

Полиция қызметкерлері қолға алған “Біз біргеміз!” акциясы бойынша қайырымдылық іс-шараларыалдағы уақытта да жалғасын табатын болады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру