Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

9 пәтер ұрлығына қатысты қылмыстық топ құрықталды

Түркістан облысы полицейлері 9 пәтер ұрлығына қатысы бар қылмыстық топты ұстады,-деп хабарлайды Polisia.kz.

Сайрам аудандық полиция бөлімшесіне жергілікті тұрғын арызданды. Ол өз арызында белгісіз адамдар тұрғын үйінің ауласында орналасқан сарайдың есігін бұзу арқылы кіріп, түрлі құрылысқа қажетті құрал-жабдықтарын ұрлап, 600 000 теңгеден астам шығын келтіргенін көрсеткен. Аталған жайт сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізіліп, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-бабы («Ұрлық») бойынша тіркелді.

Аудандық полиция бөлімінің тәжірибелі қызметкерлері осы ұрлық қылмысы бойынша тез арада іске кірісіп, күдіктілерді ұстауға әрекеттенді.Осы аралықта полицейлерге тағы бір тұрғын шағымданған. Ол да пәтеріне белгісіз тұлғалар ұрлыққа түскендігін айтады. Ұрылар құрылысы толық бітпеген жәбірленушінің үйіне терезесі арқылы кіріп, қорабынан шығарылмаған құны 160 000 теңге тұратын кір жуатын машинасын қолды қылған.

Жәбірленушілердің арыздарын сараптай келе мұның барлығын бірнеше адамдардан құрылған қылмыстық топтың жасауы мүмкін деген тұжырым жасалды.

Осы бойынша полицейлер күндіз-түні ақпараттар жинап, түрлі тексеру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде 4 адамнан құрылған қылмыстық топ құрықталды.

Тергеу барысында күдіктілердің жергілікті тұрғындар екендігі анықталды. Бұрын бір сыныпта оқыған достар, алдын ала сөз байласып, жаңадан құрылыс жүргізіліп жатқан аймақтағы тұрғындар әлі толық көшіп үлгермеген үйлерге ұрлыққа түскендері анықталды. Күдіктілердің 7 пәтер ұрлығы мен 2 коммерциялық орынға жасырын кіріп, жымысқы ойларын іске асырғандары белгілі болды. Жалпы жәбірленушілерге келтірілген шығынның көлемі 3 500 000 теңгені құраған. Ұрланған заттардың жартысынан көбі, олардан айғақты зат ретінде тәркіленіп алынды. Олардың біршамасын сатып, ақшасын өз қажеттіліктеріне жаратқан көрінеді. Қазіргі таңда осы ұрлық қылмыстары бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Түркістан облысы полицейлері азаматтарға өздеріңіздің мал-мүліктеріңізге, бағалы заттарыңызға сақ болыңыздар деп ескертеді. Мүмкіндігінше үйлеріңізді қараусыз қалдырмаңыздар. Аулаларыңызды жарықтандырып, қажетінше бейнебақылау камераларын орнатқандарыңыз дұрыс. Егер үйіңізге ұры түссе немесе осындай қылмыстың куәсі болсаңыз, тез арада полицияның «102» нөміріне хабарласыңыздар.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру