Қарағанды облысында екі ер адам кәсіпорынның күзетшісіне шабуыл жасаған
Қарағанды облысында екі ер адам кәсіпорынның күзетшісіне шабуыл жасаған, – деп хабарлайды Polisia.kz.
23 қарашада Қарағанды облысының Қарқаралы полиция бөліміне кәсіпорындардың бірінде жанжал шыққаны туралы хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына жедел-тергеу тобы келді.
Кәсіпорынның бақылау-өткізу бекетіне кіре берісте екі жұмысшы 40 жастағы күзетшінің денесіне зақым келтіргені белгілі болды. Полицейлер күдіктілерді – 29 және 46 жастағы екі ер адамды ұстады. Ұсталған адамдар кінәсін мойындады.
ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабы (Бұзақылық) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізілуде.