Түркістан облысының полицейлері жарты келі марихуана сақтаған ер адамды ұстады
Түркістан облысының полицейлері жарты келі марихуана сақтаған ер адамды ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Келес АПБ ЖПҚ учаскелік полиция инспекторы өзіне бекітілген аймақта орналасқан тұрғын үйлерді қарап, тұрғындардың жай-күйін біліп, күнделікті қызметін атқарып жүреді. Осы сәтте жергілікті тұрғынның бірінің ауласында есірткіге ұқсас өсімдік сақтауы мүмкін екеніне күдіктеніп, Келес аудандық полиция бөліміне хабарлама берді. Ал жедел-тергеу тобы тез арада хабарлама бойынша мекенжайға келіп, тексеру барысында тұрғынның ауласында орналасқан ескі сарай ішінен шыны ыдыстарға салынған, өзіне тән ерекше хош иісі бар кептірілген өсімдік жапырақтарын тауып алды. Оларды айғақ зат ретінде тәркілеп алды.
Аталған жайт ҚК 296-бабы (Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу) бойынша тіркелді. Сараптама тағайындалды. Зерттеу қорытындысы алынған заттың 500 грамнан асатын «кептірілген марихуана» екенін нақтылады.
Заңмен тыйым салынған есірткіні сақтаған тұрғын бұрын сотты болған. Оған қатысты тергеу амалдары 296-бап бойынша жүргізілуде.
Түркістан облысының полицейлері азаматтарға есірткіні заңсыз сақтау және таратумен байланысты қылмыстарды жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылатыны туралы ескертеді. Тәртіп сақшылары облыс тұрғындарына зиянды әдеттерден бас тартып, салауатты өмір салтын ұстануға кеңес береді. Егер сіз осындай қылмыстардың куәсі болсаңыз, тез арада «102» нөміріне қоңырау шалыңыз.