Жетісайда өмірден өткен спортшы-полицейді еске алу құрметіне волейболдан жарыс өтті
Түркістандық тәртіп сақшылары волейболдан жарыс өткізіп, өмірден өткен спортшы полицейді еске алды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жетісай АПБ-нің қызметкерлері ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында полиция майоры Ахметов Сәлкен Сейітұлын еске алуға арналған ерлер арасында волейболдан ашық біріншілік өткізді.
Салауатты өмір салтын насихаттайтын жарысқа Жетісай және Мақтаарал аудандарының полицейлері, адвокаттары, ауылдық әкімшілік қызметкерлері мен білім бөлімінің және университет, колледж студенттерінен жасақталған 12 құрама команда қатысып, бақтарын сынады. Спорттық турнирде командалар бір-біріне дес бермей, өздерінің мықтылықтарын көрсетті. Нәтижесінде, 1-орынды Жетісай спорт клубы, 2-орынды Жетісай адвокаттар командасы, 3-орынды Н.Төреқұлов жалпы орта мектебі, 4-орынды Үлгілі ауыл әкімшілігінен құрылған команда қанжығасына байлады. Жеңімпаздар Алғыс хатпен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Биылғы жылы он төртінші рет өткізіліп отырған әуе доп шеберлері додасының әдемі ойын өрнегін көрсеткен жекелеген ойыншылар да ұйымдастырушылардың арнайы кубоктары мен дипломдарына, қаржылай және заттай марапаттарына ие болды. Сонымен қатар ойын барысында өздерінің кәсібилігін көрсеткен және белсенділік танытқан ардагер полицейлерге де түрлі номинациялар бойынша Алғыс хаттар ұсынылды.
Спорттық шараның ашылу салтанатына арнайы қонақ ретінде ішкі істер органдарының ардагерлері, Сәлкен Сейітұлының қызметтестері мен ағайын-туыстары шақырылды. Жалпы Сәлкен Ахметов ел арасында спортшы-полицей ретінде танылған. Ол ішкі істер органында адал еңбек етіп, қазақ полициясының имиджін көтеруге үлкен үлес қосқан азамат. Жарыстарда топ жарып, мықтылығын дәлелдеген спортшы. Отан алдындағы адалдығы мен антына деген беріктігі полиция майорын көптеген марапаттарға жеткізді. Алайда, полицей 2005 жылы денсаулығына байланысты өмірден өтіп, жұлдызы ерте сөнді.
Осылайша қызметкерлердің спортқа деген сүйіспеншілігін арттырып, патриоттық рухты көтеретін жарыс, полицейге құран бағыштап, ас берумен өз мәресіне жетті.