Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облысында жылқышы жайылымдағы малдарды сатып жіберді

Түркістан облысының полицейлері жәбірленушілерге алты миллион теңгеден астам шығын келтірген күдікті ер адамды анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Созақ ауданы ПБ-ның полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 2-бабында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасаған күдікті ер азаматты құрықтады. Яғни тәртіп сақшылары күдіктінің төрт жайтқа қатысы барын анықтады. Онда жәбірленушінің бірінің айтуынша, өткен жылы 60 бас жылқысын жылқышыға сеніп тапсырған. Алайда ағымдағы жылы өзінің ірі қара малдарын тексеруге барғанында, 10 бас жылқысының жоқтығын көрсеткен. Қазіргі таңда жәбірленушінің сеніп тапсырған бір бас жылқысы мен шөп турауға арналған құрылғысын күдікті азамат сатып жібергендігі анықталды.

Сонымен қатар екінші бір жәбірленуші өзінің бір бас асыл тұқымды жылқысы мен бір бас тайын талан-таражға салып, сатып жібергендігін көрсеткен. Жәбірленушілерге келтірілген жалпы шығын көлемі бес миллион теңгеден астам. Аталған дерек ҚК 189-бабы (Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға салу) қылмыстық құқық бұзушылығы бойынша СДТБТ-ға тіркеді.

Ал қалған екі жәбірленушінің бірінің екі бас жылқысын, екіншісінің бір бас ірі қара малын «өзімнің малым» деп жергілікті тұрғынды сендіріп, алаяқтық жолмен сатып жіберген. Осылайша жәбірленушілерге жалпы бір миллион теңгеден астам шығын келтірген. Тәртіп сақшылары аталған жайтты ҚК 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркеп, қылмыстық істі ашуға бірден кірісті.
Орын алған жайтты аз уақыт ішінде ашу мақсатында аудандық полиция қызметкерлерінен жедел тергеу тобы құрылып, оқиға орнына жедел жетті. Тәртіп сақшыларының жан-жақты жүргізген жұмыстарының нәтижесінде бұрын сотты болған, күдікті ер адам ұсталды. Қазіргі таңда анықталған дерек бойынша күдікті қамауға алынып, тергеу амалдары жүргізілуде.

Түркістан облысының полицейлері тұрғындарды қырағы болуға шақырады. Жақын таныс емес адамдарға сенбеуге кеңес береді. Егер де сіз осындай жайттың құрбаны немесе куәсі болсаңыз, бірден полиция қызметкерлеріне хабарласыңыз.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру