Түркістан облысының полицейлері көші-қон заңнамасын бұзған 601 азаматты анықтады
Түркістан облысының полицейлері көші-қон заңнамасын бұзған 601 азаматты анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
ҚР Ішкі істер министрлігінің бұйрығына сәйкес, облыс аумағында заңсыз көші-қонның алдын алу, шетелдіктер арасында құқықтық тәртіпті сақтау, сондай-ақ республиканың көші-қон заңнамасынан туындайтын міндеттерді камтамасыз ету мақсатында «Заңсыз келуші-2021» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.
Іс-шараның алғашқы екі тәулігінде, облыс бойынша Қазақстан Республикасына келу, болу және Қазақстан Республикасынан кету Ережелерін бұзған жалпы – 601 жайт анықталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде шетелдіктер – 413, Қазақстан Республикасының азаматтары – 188.
Аталған құқықбұзушылардың 57-сі ел аумағынан аластатылса, ӘҚБтК-нің 449-бабымен төрт шетел азаматы анықталды. Ал шетел азаматын заңсыз тұрғын үймен қамтамасыз еткен және шетел жұмыс күшін заңсыз пайдаланған 188 Қазақстан Республикасының азаматы анықталды. Олар ӘҚБтК-нің 518-бабы (Шетелдiктерді және азаматтығы жоқ адамдарды қабылдайтын жеке немесе заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзуы) және 519-бабының (Шетелдiк жұмыс күшiн және еңбекшi көшiп келушілерді Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып тарту) талаптарын бұзғандары үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Түркістан облысының полицейлері көші-қон заңдылықтарын қатаң сақтауға шақырады. Сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында жазылған талаптарға қатысты құқықбұзушылық орын алған жағдайда жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді!