Түркістан облысының полицейлері тонау қылмысын жасаған ер адамды ұстады
Түркістан облысының полицейлері тонау қылмысын жасаған ер адамды ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан қалалық Полиция басқармасына кентаулық тұрғын арызданды. Ер адамның айтуынша, оған Түркістан қаласының орталығында екі белгісіз ер адам күш көрсетіп, қолындағы сөмкесін, ұялы телефонын тартып алып алған. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 191-бабы (Тонау) бойынша тіркеуге алынды.
Хабарлама алысымен орын алған қылмысты ашып, күдіктілерді анықтау мақсатында жедел-тергеу тобы оқиға орнына шықты. Учаскелік полиция инспекторлары іздестіруге атсалысты. Полицейлер оқиға орнын тыңғылықты тексеріп, куәгерлерден сұрастырып, жақын аралықтағы аумақтарды көріп шықты. Жан-жақты, жүйелі жүргізілген шаралар нәтижесінде тәулік ішінде күдіктінің бірінің жеке басы анықталып, ол тұрғылықты мекенжайынан ұсталды. Полиция басқармасына жеткізілген ер адам өз кінәсін мойындады.
Белгілі болғандай, күдікті тонау қылмысын жасаған сәтте мас халде болған. Қазіргі таңда қамауда. Ал екінші күдікті іздестірілуде.
Түркістан облысының полицейлері азаматтарға өз бағалы заттарыңызға, қол сөмкелеріңізге сақ болыңыздар деп ескертеді. Тонау, ұрлық, қарақшылық жайттары орын ала қалса, тез арада полицияның «102» телефонына хабар беріңіздер. Уақытында берілген ақпарат қылмыстың «ізін суытпай ашуға» толық мүмкіндік береді.