Қостанай облысында полиция қызметкерлерінің ата-аналары марапатталды
Қостанай облысында полиция қызметкерлерінің ата-аналары марапатталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына және Жаңа жыл қарсаңында Қостанай қаласының Полиция басқармасы басшылығының атынан қызметте ерекшеленген патрульдік полиция батальоны инспекторларының ата-аналары марапатталды.
Аға инспектор Дамир Смағұлов, инспектор Батыржан Бейсенбин, аға инспектор Мағзұм Шукубаев және полицей-кавалерист Достан Есеевтің ата-аналарына алғыс хаттары табысталды.
– Құрметті біздің қызметкерлеріміздің ата-аналары, сіздерге ата-аналық еңбектеріңіз бен шыдамдылықтарыңыз үшін, түсіністік танытып, қолдау көрсеткендеріңіз үшін үлкен алғысымызды білдіреміз. Сіздерге зор денсаулық тілейміз, балаларыңыз алдағы уақытта да өз жетістіктерімен қуанта берсін, – деді Қостанай қ. ПБ бастығының орынбасары Бекзат Мұрат.
Аға инспектор Дамир Смағұловтың әкесі Мейрам Смағұлов Қостанай қалалық ПБ басшылығына алғысын білдіріп, полицейлерге жұмыста табыс тіледі.
– Дәл қазір кеудемді қуаныш кернеп тұр. Балаңды мақтан тұту осы болар, сірә. Полиция қызметкерлерінің жұмысы жеңіл емес, тіпті қауіпті деп айтар едім. Сендер үшін жақындарың әрқашан алаңдап, үйде күтеті естеріңде жүрсін. Қызметтерің тыныш әрі қауіпсіз болсын, – деді Мейрам Смағұлов.
Қостанай қалалық ПБ ППБ командирінің орынбасары Бағдад Қоңыршин мен қызметтің аға инспекторы Руслан Мұхамедин жұмыста жоғары нәтижелерге қол жеткізгені үшін, облыстық Полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы Қайрат Дүйсембековтің мақтау қағаздарымен марапатталды.
Сондай-ақ, ППБ-ның 40-қа жуық қызметкері қызметтік міндеттерін адал атқарғаны үшін, Қостанай қалалық ПБ бастығының алғыс хаттарымен марапатталды.
Іс-шара жас қызметкерлерді тәрбиелеуге және олардың кәсіби шеберліктерін арттыруға елеулі үлес қосып келе жатқан Ішкі істер органдарының ардагерлері Валерий Мусиенко және Владимир Воропайдың қатысуымен өтті.