Алматы облысында ішімдік ұрлаған тұрғынның әрекеті бейнекамераға түсіп қалды
Алматы облысында ішімдік ұрлаған тұрғынның әрекеті бейнекамераға түсіп қалды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
21 желтоқсан күні Талғар аудандық полициясына сауда үйінде сатушы болып істейтін Қызыл Қайрат ауылының 34 жастағы тұрғыны хабарласып, ұрлық дерегі орын алғаны туралы жеткізген. Арыз иесі белгісіз ер адамның бір күн бұрын сағат 12.00 шамасында дүкенге сатып алушы ретінде келіп, касса маңында қол созым жерде тұрған ішімдіктер ішінен бір шөлмек арақты жымқырып кеткен.
Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 187-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
– Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде Талғар ауданы ПБ учаскелік полиция инспекторлары Н. Мұсапиров пен Ж.Сәрсенбаев күдіктіге тән айрықша белгілерді қарап, өздеріне бекітілген әкімшілік аумақты өте жақсы білетіндіктерін дәлелдеді. Олар келесі күні-ақ осындай құқық бұзушылықтар жасағаны үшін бірнеше рет жауапкершілікке тартылған 21 жастағы жергілікті тұрғынды қылмысқа қатысы бар деген күдікпен ұстады, – деп хабарлады Талғар АПБ тергеушісі Тимур Есенов.
Күдікті өзі келтірген шығындарды өтеп, тараптардың өзара татуласуына байланысты жазадан құтылып жүрген. Ұсталған тұрғын дүкендегі бейнежазбаны көргеннен кейін ұрлық жасағанын мойындап, заңға қайшы келетін әрекеті үшін өкінетінін айтты. Дүкен иесіне келтірілген материалдық шығын өтелгеннен кейін іс бойынша тиісті процессуалдық шешім қабылданады.