Павлодарда жүкті сотталған бостандыққа шығуды күтуде
Павлодарда жүкті сотталған бостандыққа шығуды күтуде, – деп хабарлайды Polisia.kz.
27 жастағы Маржан АП-162/2 қауіпсіздігі барынша төмен мекемесінде жазасын өтеп жатыр. Осылайша, ол мекемеге жеткенде жүкті екенін білді.
– Шынымды айтсам, жүктілік сынамасын жасаған кезде мен мүлде абдырап қалдым. Сонда мен әлі тергеу изоляторында болдым. Белгісіз жағдай, колонияда босану ойы мені қорқытты, менде ұйқысыздық болды. Мен түсік жасатқым келді. Менімен психолог жұмыс істеді. Медициналық қызметкерлер үнемі келіп тұрды, мекемеге гинеколог келді, мені УДЗ-ге, барлық қажетті процедураларға апарды. Болжалды босану мерзімі қаңтар айы, ал 28 желтоқсанда менің материалым сотта қаралады. Олар мені жіберіп, бостандықта жаңа жылды қарсы алып, сонда босанатыныма сенемін. Рақымшылық – менің өмірімді жаңадан бастау мүмкіндігім. – дейді Маржан.
Сотталғанның айтуынша, ол адамдар алдында міндеттеме алған, бірақ белгілі бір жағдайларға байланысты оларды орындай алмаған. Кінәсін мойындады, жазасын өтеу мерзімінде өзін жақсы жағынан көрсетті, мінез-құлқының бірінші оң дәрежесі бар. Бостандықта әйелді күйеуі, ата-анасы және 11 жастағы үлкен ұлы күтіп отыр.
Ол алаяқтық үшін колонияға түсті, колония басшылығының айтуынша, бап орташа ауырлық санатына жатады, бірақ сотталғанның «қызықты жағдайына» байланысты оның мерзімінен бұрын босатылуына мүмкіндік бар.
– Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орайластырылған рақымшылық актісі бойынша бостандыққа шығу мүмкіндігі үшін еліме алғысым шексіз. Колонияда болған барлық уақыт ішінде мен көп нәрсені ескердім, өмірді қайта ойладым, басымдықтарым мен құндылықтарым өзгерді. Кінәмды түсіндім, істегеніме толық өкіндім, мен заңға бағынатын азамат ретінде өмір сүруге және бұрынғы қателіктерімді жасамауға тырысамын, – дейді Маржан.
Желтоқсанның 28-і күні сот отырысы өтіп, онда жүкті сотталғанға қатысты шешім шығарылады.
Айтпақшы, желтоқсанның 7-сі күні Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» ҚР Заңына қол қойғаны белгілі болды. Павлодар облысында 257 бас бостандығынан айырылған сотталған рақымшылық жасауға ілігеді, олардың 103-і босатылуға жатады.