«Жиһаз жасап беремін»: семейлікті алдаған жігіт қолға түсті
Жиһаз жасап беремін деп семейлікті алдаған жігіт қолға түсті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
13 желтоқсанда Семей қалалық ПБ Әуезов ПБ «102» жедел арнасына 36 жастағы жергілікті тұрғын жүгініп, 2021 жылдың 18 қыркүйегінде бейтаныс жігіт жиһаз жасап беремін деп алдап, оның 223 мың теңгесін иемденгенін хабарлады.
Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде криминалдық полиция қызметкерлері 51 жастағы күдіктіні анықтап, ұстады.
Күдіктіден жауап алу барысында ол кінәсін мойындады.
– Ер адам тегін хабарландырулар сайттарының бірінде өзгелердің дайындалған жиһаз суреттерін өзінің жұмысы ретінде орналастырып, жиһазды нарықтағыдан әлдеқайда төмен бағамен дайындауды ұсынған. Тапсырыс берушілердің шақыруы бойынша ол өлшеулерге барып, жүз пайыз алдын ала төлем ала отырып, жалған шарт жасаған. Қазіргі уақытта полицейлер күдіктінің басқа қылмыстарға қатыстылығын тексеріп жатыр, – деді ШҚО ПД бастығы Сағат Мадиев.
Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 190-бабы 1-бөлігі (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдікті кінәлі деп танылған жағдайда, оған 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы беріледі.