Шымкентте танысының жүк көлігінің тіркемесін сатып жіберген жамбылдық ұсталды
Шымкентте танысының жүк көлігінің тіркемесін сатып жіберген жамбылдық ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Шымкент қаласы Абай ауданының Полиция басқармасына жергілікті тұрғын арызданған. Оның айтуынша, өзіне тиесілі КамАЗ жүк көлігінің тіркемесін Алматы қаласына жеткізу мақсатында танысына сеніп тапсырған. Алайда арада бір ай уақыт өтсе де, танысы жүк көлігінің тіркемесін жеткізбей, не ұялы телефонына жауап бермей, ізін суытқан. Келтірілген шығын көлемі 1,8 млн теңгені құраған.
Хабарды алған полицейлер аталған жайтқа қатысы бар азаматты іздеуге кірісті. Жан-жақты тексеру жұмыстарын жүргізіп, нәтижесінде азаматты қала аумағынан қолға түсіріп, басқармаға жеткізді. Ол 58 жастағы Жамбыл облысының тұрғыны болып шықты.
Тергеу барысында анықталғандай, ұсталған азамат жүк көлігінің тіркемесін өзінің бас пайдасы үшін сатып жіберген. Қазіргі таңда оған қатысты ҚР ҚК-нің 189-бабымен (Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу) сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.