Атырау облысында заңсыз акцияға қатысқан 275 адам ұсталды
Атырау облысында төтенше жағдай талаптарын бұзған 73 факті тіркелді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Заңсыз акцияға қатысқан 275 адам ұсталды.
Атырау облысының коменданты Қамза Үмбетқалиев Полиция департаментінің 49 қызметкері мен 27 сарбаз түрлі дене жарақатын алғанын айтты.
– Кейбір полицейлер алған жарақатына қарамастан өз қызметтерін жалғастыра бергені белгілі болды. Бүгін облыс орталығындағы білім беру ұйымдарының дене шынықтыру және әскери дайындық пәндерінің мұғалімдерінен құралған 62 адам полицияға көмекке келді. Сондай-ақ, 100-ге жуық еріктілер мен белсенді жастар және ардагерлер полициямен бірге тәртіп орнатуға өз үлестерін қосу үшін өтініш білдіруде. Атырау облысы бойынша төтенше жағдай кезіндегі жағдай толықтай құқық қорғау органдарының бақылауына алынды. Атырау қаласына кіре беріс барлық тасжолдарда блок-бекеттер жұмысын жүргізуде, қалаға кіріп-шығатын барлық көліктердің жолаушылары мен жүк салғыштары толықтай тексерілуде. Облыста коменданттық сағат 23:00-ден таңғы 07:00-ге дейін сақталып, осы уақыт аралығында облыс орталығына кіруге тыйым салынғанын ескертемін. Қоғамның тыныштығын қамтамасыз ету үшін полицияның жеке құрамы 100 пайыз күшейтілген режимде жұмыс атқаруда. Тұрғындардан қандайда бір ұйымдасқан топтардың құқық бұзушылығын байқасаңыз, міндетті түрде «102» операторына хабарлауын сұраймын. Сонымен қатар, сіздер үйлеріңізден шықпауды, қауіпсіздік шараларын сақтауды, төтенше жағдай мен коменданттық сағат режимінің барлық талаптарын орындауыңыз қажет, – деді Атырау облысының коменданты Қамза Үмбетқалиев.