Қарағанды облысында тұрғындардан үш киіктің ұшасы тәркіленді
Қарағанды облысында тұрғындардан үш киіктің ұшасы тәркіленді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
14 қаңтар күні Ұлытау аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері «Браконьер» жедел алдын алу іс-шарасын өткізді. Сағат 16.00 шамасында ауданға қарасты қыстақтардың біріне тексеріс жүргізу барысында полиция қызметкерлері үйдің маңындағы үйінді қоқыстан киіктің денесін тапты.
Қыстақтағы 42 жастағы азамат заңсыз аң аулағаны туралы мойындады.
Сондай-ақ, осы күні полиция қызметкерлерімен сағат 21.30 шамасында Жезқазған қаласынан 70 шақырым жерде 37 жастағы азаматтың басқаруындағы Volkswagen Golf автокөлігі тоқтатылды. Көлікте сонымен қоса 62 жастағы жолаушы болған. Полиция қызметкерлері көлікке жүргізген тінту жұмыстары барысында екі киіктің ұшасын анықтады.
Екі факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 339-бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Тиісті сараптамалар тағайындалды. Тергеу амалдары жүргізілуде.