Алматылық полицей ПД-не жасалған шабуыл туралы айтып берді
Алматылық полиция қызметкері ПД-не жасалған шабуыл туралы айтып берді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы қалалық ПД Арнайы және жұмылдыру дайындығы басқармасының аға инспекторы Ақтан Зайнолда әріптестерімен бірге департамент ғимараттарының қорғанысын қалай сақтап қалғаны туралы айтып берді.
– 5-і күні кешке арнайы жоспар жарияланғаннан кейін біз Алматы Полиция департаментінің әкімшілік ғимараттарын күзетуге арналған посттарымызға тұра бастадық. Біздің міндетіміз – лаңкестердің ПД ғимаратына енуіне және олардың қару-жарақты иеленуіне жол бермеу болды, өйткені азаматтардың және жалпы елдің қауіпсіздігіне үлкен қауіп төніп тұрды, – деді капитан Зайнолда.
Полиция қызметкерінің мәліметінше, шабуыл жасағандар – әуесқойлар емес. Мәселе жақсы дайындалған шабуылдаушылар жайында.
– Лаңкестер жақсы дайындалған. Ғимарат 4-5 жақтан шабуылға ұшырады. Оған қоса, департаменттің жанынан көлікпен жүріп, біздің назарымызды басқа жаққа аударды. Содан кейін қылмыскерлер бұл көліктерден оқ жаудырды. Менің орным түні бойы қарулы шабуылға тойтарыс берген үшінші постта болды. Әр полиция қызметкерін жауынгерлік позицияларға бөлдік, — деді Ақтан Зайнолда.
Абырой болғанда, қылмыскерлермен болған бұл шайқаста полицейлердің ешқайсысы қаза тапқан жоқ. Капитан бұл уақытта жеке қауіпсіздігі туралы ойламағанын атап өтті. Азаматтардың қауіпсіздігі таразыда болды.
– Біз бір-бірімізді қолдадық. Қарулы лаңкестерге абыроймен тойтарыс беру және олардың қаруды иеленуіне жол бермеу маңызды болды. Біз бейбіт тұрғындар мен қаланы қорғауды бірінші орынға қойдық, – деді құқық қорғау органының қызметкері.