Түркістан облысының полицейлері тіркелмеген қару асынғандарды жауапқа тартты
Түркістан облысының полицейлері тіркелмеген қару асынғандарды жауапқа тартты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Созақ АПБ-ның қызметкерлері күнделікті қоғамдық қауіпсіздік пен елдің тыныштығын сақтау мақсатында рейдтік-профилактикалық іс-шараларды өткізіп отырады. Түрлі қылмыстарды болдырмау, жол апаттарының алдын алу, ұрлық-қарлықты жою жұмыстарын тұрақты жүргізіп келеді. Осындай кезекті іс-шара барысында Созақ АПБ КПБ бастығы Марат Бимаханов пен жедел уәкіл Елдос Сайлаубек Шолаққорған ауылына қарасты тас жолдардың бірінде қолына қару ұстап келе жатқан ер адамды байқады.
Тексеру барысында жергілікті тұрғын қолындағы атасынан қалған, ІІО-да мүлдем тіркелмеген ТОЗ модельді 16 калибрлі тегіс ұңғылы аңшы қаруы екенін анықтады.
Дәл осындай жағдай Созақ ауданындағы Балықшы тау бөктерінде де орын алды. Мұнда табиғатты қорғау тобының инспекторы Жомарт Атабаев пен жедел уәкіл Қанат Нәжіметдин рейдтік шара барысында жергілікті тұрғынды қарумен ұстады.
Тексеру кезінде полицейлер күдікті ер адамнан ешқандай құжаты жоқ, 16 калибрлі аңшы қаруы мен оған арналған сегіз дана оқтарын анықтады. Жоғарыдағы құжатсыз қарулар тәркіленіп алынып, сараптама тағайындалды.
Аталған жайт ҚР ӘҚБтК-нің 482-бабы (Жеке және заңды тұлғалардың қаруды заңсыз иеленіп алуы, беруі, өткізуі, сақтауы, алып жүруi, тасымалдауы) бойынша тіркеуге алынып, әкімшілік хаттама толтырылды.