Алматы полициясы жеке үйлерге қарулы шабуыл жасаған қылмыстық топты құрықтады
Алматы полициясы жеке үйлерге қарулы шабуыл жасаған қылмыстық топты құрықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Оның құрамында 29 бен 36 жас аралығындағы Алматы облысының төрт тұрғыны бар. Олардың екеуі – бұрын тонау және бөтеннің мүлкін ұрлағаны үшін сотталған.
– Қаңтардың 5-інен 6-сына қараған түні жаппай тәртіпсіздіктер кезінде шабуылдаушылар жеке күзет ұйымдарының қызметкерлеріне бірнеше рет шабуыл жасап, олардың қызметтік қаруларын тартып алған. Одан әрі олар бірнеше жеке үйге қарақшылық шабуыл жасап, зардап шеккендерді автоматпен және басқа да атыс қаруымен қорқытып, жеке мүлкі мен екі автокөлігін иемденген. Күдіктілер қамауға алынды. Олар уақытша ұстау изоляторына қамалды. Бұл қылмыстарды ашуға қаланың Криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері көмектесті, – дейді Медеу аудандық ПБ бастығы Дәурен Өтебаев.
Баяндамашының айтуынша, заттай айғақтар, оның ішінде күзетшілерден тартып алынған қарулар тәркіленіп, ҚР ҚК-нің 192-бабы және ҚР ҚК-нің 291-бабы бойынша тергеліп жатқан қылмыстық іс материалдарына қоса тіркелді. Ұсталғандардың жеке басы басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғына тексерілуде.