Шымкентте автокөлік жолдарына 1700 рет зерделеу жұмыстары жүргізілді
Шымкентте автокөлік жолдарына 1700 рет зерделеу жұмыстары жүргізілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Шымкент қаласында өткен жылы полиция қызметкерлерімен жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында автокөлік жолдарына 1700 рет зерделеу жұмыстары жүргізіліп, анықталған кемшіліктерді орындау үшін тиісті мекемелерге 1351 нұсқама берілді.
Берілген нұсқамаларды орындамағаны үшін бір жеке тұлғаға, екі мердігер мекемеге, төрт лауазымды тұлғаға ҚР Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексінің 462-бабымен хаттама толтырылып, істі қарау үшін Мамандандырылған әкімшілік сотына жолданды.
Сонымен қатар, түрлі құрылыстар орнату немесе жасыл екпелер отырғызу, оларды уақтылы бұтамау салдарынан жол жүрісін реттейтін құралдардың көрінуі шектелгені үшін екі лауазымды тұлғаға ҚР Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексінің 630-бабымен, ал жолдарда құрылыс жайларын күтіп ұстау жөніндегі талаптарды орындамағаны үшін бір лауазымды тұлғаға ҚР Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексінің 631-бабымен хаттама толтырылды.
Былтыр Шымкент қаласында 180 нысанға, яғни 310 шақырым автокөлік жолдарына құрылыс жұмыстары жүргізілді. Аталған құрылыс жұмыстарында жолдарды ластау немесе оларды бүлдіру, темір жол өтпелерін және басқа да жол құрылыс жайларын күтіп ұстау жөніндегі талаптарды бұзғаны үшін 31 мердігер компания әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға 178 хаттама толтырылды.