Түркістан қаласының бас полицейі өткен жылды қорытындылады
Түркістан қаласының бас полицейі өткен жылды қорытындылады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан қаласының дамуы, оның жергілікті тұрғындары мен қонақтарының тыныштығы, өмірі мен денсаулықтарының сақталуы, қоғамдық қауіпсіздіктің қамтамасыз етілуі жолында тәртіп сақшылары күні-түні қызмет етуде. “Түркістан – қауіпсіз қала” болуы үшін Түркістан ҚПБ-ның қызметкерлері жүйелі жұмыс жүргізуде. Осы орайда қаланың бас полицейі Бауыржан Селтанов 2021 жылдың 12 айы көлемінде Түркістан қалалық Полиция басқармасы қызметкерлерімен, қала аумағында қоғамдық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қылмысқа қарсы күрес бағытында жүргізген жұмыстар туралы есеп беру кездесуін өткізді.
– 2021 жылдың 12 айында Түркістан қаласында құқық бұзушылықтардың деңгейі біршама төмендеді. Жалпы жыл бойына 864 құқық бұзушылық тіркеуге алынды. Бұзақылық қылмыстарының ашылуы 100%-ға, бөтеннің мүлкін ұрлау қылмыстары 47,9-ден 63,3%-ға, оның ішінде пәтер ұрлығы 43,3-ден 72,2%-ға, алаяқтық қылмыстарының ашылуы 93,4-тен 97,1%-ға жоғарылады. Сондай-ақ, өткен жылы 102 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық жайттары анықталып, тиісті әкімшілік хаттамалар толтырылған, айыппұлдар өндірілген. Көші-қон қызметі бөлімі бойынша 11 256 шетел азаматы уақытша тіркеуге алынған, – деп атап өтті Б.Селтанов өз баяндамасында.
Одан бөлек, қаланың бас полицейі аталған қылмыстардың алдын алу мақсатында түнгі мезгілдерде кезекші топтар ұйымдастырылып, аптасына кемінде екі рет рейдтік іс-шаралар жүргізіліп жатқанын жеткізді.
Кең көлемде өрбіген кездесуде Түркістан ҚПБ бастығы Бауыржан Селтанов Түркістан облысының орталығына келгелі атқарылып жатқан жұмыстардың маңыздылығына, сапалылығына тоқталды.
Есеп беру барысында сөз кезегін алған тұрғындар өздерінің көкейінде жүрген мәселелерін басшыға кеңірек баяндап, тұшымды жауаптар алды. Кейбір тұрғындар ізгі тілектерін білдірсе, енді біреулері сұрақтарын бейнебайланыс арқылы қойып жатты. Тұрғындар тарапынан айтылған ұсыныс-пікірлерді түртіп отырған басшы бұл бойынша жауапты қызметкерлеріне тиянақты тапсырмалар беріп, мәселелердің шешілуін тікелей өзі бақылап отыратындығын жеткізді.