Жетісай полицейлері алаяқтық жасаған ер адамды анықтады
Жетісай полицейлері алаяқтық жасаған ер адамды анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жетісай АПБ-ға жергілікті тұрғын арызданып келген. Ол арызында танысы мемлекет тарапынан берілетін қайтарымсыз кәсіпкерлік гранты бойынша 583 мың теңге ақша шығарып беремін деп сеніміне кіріп, алаяқтық жолмен 200 мың теңге ақшасын алғанын және осы күнге дейін ол азаматтың алдап жүргенін көрсеткен.
Полиция қызметкерлері аталған жайтты ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша СДТБТ-ға тіркеді.
Жетісайлық тәжірибелі полицейлерден құрылған жедел-тергеу тобы алаяқтық жасаған азаматты анықтауға қажетті шараларды ұйымдастырды. Жинақталған ақпарат көздерінің нәтижесінде, күдікті азаматтың жүрген жері анықталып, Жетісай АПБ-ға жеткізілді.
Қазіргі таңда күдікті ер адамға қатысты тергеу амалдары жүргізілуде. Тексеру кезінде күдіктінің бұдан бөлек тағы бір жетісайлық тұрғыннан алаяқтық жолмен 150 мың теңге ақша алғандығы белгілі болды. Осылайша алаяқ ер адам, жәбірленушілерден алған қаражаттарын жеке басының пайдасына жұмсап жіберген.