Көлік жүргізу құқығынан айырылған шығысқазақстандық тағы да мас күйінде ұсталды
Көлік жүргізу құқығынан айырылған шығысқазақстандық тағы да мас күйінде ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
29 қаңтарда түнгі уақытта патрульдеу кезінде Үржар ауданы Мақаншы ауылының көшелерінде 42 жастағы жергілікті тұрғынның басқаруымен Mazda автокөлігі тоқтатылды.
2021 жылдың қараша айынан бастап жеті жыл мерзімге сотпен көлік жүргізу құқығынан айырылған ер адамның автокөлікті басқарғаны анықталды.
Сонымен қатар, куәландыруға сәйкес, жүргізуші орташа мас күйінде болған.
Автокөлік арнайы тұраққа, ал ұсталған адам уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 346-бабының 1-бөлігі (Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды, оның санкциясында 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда.