Қызылордада ҚАЖ қызметкерлері тарихи-танымдық кешке қатысты
Қызылорда облысы бойынша ҚАЖД қызметкерлері «Дарабоз батыр-Қаракерей Қабанбай» атты тарихи-танымдық кешке қатысты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаменті Қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты А.С.Пушкин атындағы орталық кітапханасымен бірлескен шараларды жиі өткізеді. Осы кітапханада ұлтымыздың асқақ тұлғасы, қолбасшы, батыр, мемлекет қайраткері Қаракерей Қабанбай батырдың 330 жылдығына орай «Дарабоз батыр – Қаракерей Қабанбай» атты тарихи-танымдық кеш өтті. Шараға ЗК-169/4 мекемесінің қызметкерлері қатысты.
Шара барысында кеш қонағы тарихшы Азамат Алдабергенұлы, қазақ халқының жоңғар басқыншыларына қарсы күресінде атамекен жері үшін, ар-намысы үшін аянбай күрескен ержүрек қолбасшылардың ең көрнектілерінің бірі Қаракерей Қабанбай батырымыз жайлы мәлімет берді. Одан соң кітапханашы Айжан Болатқызы халық аузында сақталып, қағаз бетіне түсіп, біздің заманымызға жеткен, жыр, әңгімелері жайлы қысқаша айтып өтті.
– Ұлтымыздың азаттығы жолындағы осындай тарихи тұлғалардың жанқияр ерлік істері бүгінгі ұрпақ, біздер үшін қайталанбас үлгі, тәлімді тәрбие. Бүгінгі шарадан қазақ халқының батыры Қаракерей Қабанбай туралы көп мағұлмат алдым, – деді ЗК-169/4 мекемесінің бақылаушылар қызметі бөлімінің бақылаушысы Н. Қажденбеков.