Көлік екіге бөлініп кеткен: Ақтөбе облысында жүргізуші жантүршігерлік апаттан аман қалды
Ақтөбе облысында жол апатынан көлігі екіге бөлініп кеткен жүргізуші аман қалды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
13 ақпанда Самара-Шымкент автожолының 705 шақырымында екі көліктің қатысуымен жол-көлік оқиғасы орын алды.
ВАЗ-21144 көлігінің жүргізушісі жол және метеорологиялық жағдайларды ескермей, қарсы жолақтағы автокөлікпен соқтығысқан.
Жол апаты салдарынан ВАЗ автокөлігі қақ айырылған. Екіге бөлініп қалған көліктің жүргізушісі апат болған сәтте артқы орындығына ұшып кеткен. Сол арқылы жүргізуші аман қалған.
Ал Opel Vectra көлігінің жүргізушісі мен жолаушысы түрлі жарақаттармен Ақтөбе қаласының Жедел медициналық жәрдем ауруханасына жатқызылды.